Соңғы минут

Қазақстан

Коронавирус қайта күшейді: Шектеу шаралары, жаңа штамм, шілде мен тамызға болжам

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маусым айының соңынан бастап елдегі эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап, вирус жұқтыру жағдайлары жиіледі. Денсаулық сақтау министрлігі қатаң шектеулер болмайды деп сендіруде, бұл шаралар эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын ескере отырып қабылданады. Осы орайда ҚазАқпарат агенттігі ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетовамен сұхбаттасты және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінен мән-жайды сұраған еді. Коронавирус қай өңірлерде өршіп тұр «Жалпы бізде де әлемнің көптеген елдері секілді маусым айының соңынан бастап, коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары жиіледі. Соңғы аптада алдыңғы аптаға қарағанда 3,2 есе өсу байқалады. Елдің барлық өңірлерінде Ковидпен сырқаттану көрсеткіштерінің өсуі байқалады, бірақ қазір іс жүзінде сырқаттанушылықтың 80%-ы Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы облысына тиесілі. Осы төрт аймақта аптасына 500-ден астам жағдай тіркелген», - дейді Айжан Есмағамбетова. Оның айтуынша, Алматы, Нұр-сұлтан және Шымкент қалаларында тіркелген барлық жағдайларды эпидемиологиялық тексеру кезінде науқастардың 80%-дан астамы мүлдем вакцина алмағанын немесе вакциналау мен ревакциналау сәтінен кейін 6 айдан астам уақыт өткені анықталған. «Бұл фактілер вакциналау мен ревакциналау – коронавирус инфекциясымен күресудің қуатты құралы екенін тағы да растайды, қазір біз оларды қолжетімді еттік. Екпе алған сәттен бастап 6 айдан астам уақыт өтсе, азаматтарды вакциналаудан, ревакциналаудан өту мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз», - деді спикер. Шілде мен тамыз айларына болжам қандай 20 шiлдедегi мәлімет бойынша, 10 983 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 977 пациент стационарда, 10 006 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 18 адамның жағдайы ауыр, 3 пациенттің жағдайы өте ауыр және 1 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. «Нақты сценарий бойынша сырқаттану болжамына сәйкес, шілде айында тәулігіне 750, тамызда– 2500 мыңға дейін коронавирус жұқтыру оқиғасы болжануда. Пессимистік сценарий бойынша шілдеде 1250-ге дейін, тамызда – 4 мыңға дейін КВИ жұқтыру жағдайы күтілуде», - деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер. Коронавирустың қандай штамы таралып жатыр Секвенирлеу мәліметі бойынша, айналымдағы ең басым штамм – омикрон және оның БА5 субварианты болып отыр. Оның жұғу деңгейі өте жоғары, бірақ сырқаттың өзі жеңіл өтеді. Ауру ағымы интоксикация синдромының жоғарылауы тұрғысынан өзгерген, бірақ өкпе тарапынан белгілер аз. Яғни, вирус жоғарғы тыныс жолдарында шоғырланған және өкпеге аз әсер етеді. Бірақ содан кейін интоксикация синдромы артады: дене қызуының артуы, қатты бас ауруы, әлсіздік, тамақтың ауыруы және басқа белгілер. «Эпидемиологиялық ахуалды бағалаудың қазіргі матрицасында вакциналау мен ревакциналау деңгейін және айналымдағы ВА5 омикрон субвариантының сипаттамасын ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесінің науқастардың көбеюіне дайындығы пысықталды, онда жеті күндегі орташа тәуліктік 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққандағы инфекциялық төсек-орынның пайдаланылу көрсеткішіне ауыстырылды. Осыған байланысты қазір барлық өңірлер «жасыл« аймақта орналасқан. Бірақ ведомствоаралық комиссияда «сары» аймаққа көшу кезіндегі денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары қаралды және өңірлер «сары» аймаққа ауысқан кезде жүргізілетін шектеу шаралары мақұлданды», - деді А. Есмағамбетова. «Сары» аймаққа көшкенде қандай шектеу шаралары енеді Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, өңірлердің «сары» аймаққа көшуі кезінде халықтың қарым-қатынасы мен жүріс-тұрысына әсерін азайтуға бағытталған алдын алу шаралары енгізілетін болады. Ең алдымен, қашықтан жұмыс түріне ауыстыру арқылы жақын байланыстарға жол бермеу, ковидпен ауыратын науқастармен байланыста болған, абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтан жұмыс түріне ауыстыру. Білім беру ұйымдарында топтарды біріктіріп, іс-шара өткізуге рұқсат берілмейді, яғни бұл балабақшаларда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде жалпы іс-шараларды өткізуге шектеу қойылады. Барлық объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейту, оның ішінде ылғалды жинау, желдету, антисептиктер мен сұйық сабынды пайдалану. Халық көп жиналатын орындарда: әуежайлар, темір жол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, спорттық шаралар, кинотеатрлар, ХҚКО-да, ұйымдасқан ұжымдарда және көліктің барлық түрлерінде медициналық маскаларды пайдалану қосымша ұсынылады. «Бұл ретте, әрбір азаматтың өз-өзіне және жақындарына қамқорлық көрсетуі тиіс екенін атап өткім келеді. Сондықтан біз тағы бір рет еске саламыз және инфекцияның қазіргі деңгейінде және инфекцияның таралу коэффициентінде кеңестерімізді береміз, ол қазір бірден көп. Бұл инфекцияның қоғамда белсенді түрде таралатынын және омикронның ВА5 субвариантының сипаттамасын ескере отырып, вакциналауды және қайта вакциналауды, халық көп жиналатын жерлерде маска тағуды ұсынамыз», - деді А. Есмағамбетова. Қазақстанда қанша вакцина дозасы бар ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мәліметінше, 2022 жылғы 19 шілдеде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 9 540 374 адам, екінші компонентін 9 322 766 адам салдырған. Оның ішінде «Pfizer» вакцинасының I-ші дозасын 1 230 166 адам, ІІ-ші дозасын 1 171 601 адам салдырды. «Бүгінде вакцинаның шамамен 1600 млн дозасы, 100 мыңға жуық Pfizer қалды. Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасы бірінші дозаны алғандарға беріледі, осылайша екінші дозамен вакциналау курсын аяқтау керек, сонымен қатар жүкті, бала емізетін және жасөспірімдерді алғаш рет вакциналау үшін қажет. Сондай-ақ, 300 мыңға жуық қазақстандық QazVac вакцинасы және 1 млн 200 мың Sinofarm дозасы бар. Бұл вакциналар азаматтардың барлық санаттарына вакциналау мен ревакциналау үшін қолданылады. Барлық аймақтарда вакциналар жеткілікті», - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова. ДДСҰ коронавирус жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі жаңа стелс-омикронның тарауы мен алдағы болжамдарын ұсынды. «Еуропа аймағында басымдық танытқан Дельтаны Омикрон ығыстырып шығарды. Омикрон ең көп тараған нұсқа деп айтылып жүр, дегенмен вирустың жалғасып келе жатқан эволюциясын ұлттық геномдық бақылау жүйелері арқылы мұқият бақылау және қадағалау қажет. Омикрон вакцина алмаған адамдарға айтарлықтай қатер төндіреді. Вакцина алуға құқығы бар кез келген адам екпе жасауы керек, оған қоса, қажет болған жағдайда әсіресе басымдық берілген топтарда ревакциналау жүргізу қажет. Вакциналау – қазіргі уақытта COVID-19 вирусының барлық айналымдағы нұсқаларынан, ауыр аурулардан және өлімнен ең жақсы қорғаныс болып қала береді», - деп жауап берді өкілдік ҚазАқпарат сауалына. Мамандардың айтуынша, вирус бұрын да алаңдаушылық тудырып келді, сондықтан оны қадағалауды жалғастыруымыз керек. Тестілеу мен жүйелеудің жоғары жылдамдығы қазіргі нұсқаларды бақылау мен жаңа нұсқаларды анықтау үшін өте маңызды болады. Тестілеуде, есеп жүргізуде немесе эпидемиологиялық қадағалауда олқылықтар болмауы тиіс. Әлеуметтік қорғау шаралары мен вакциналауда да іркілістер болмауы тиіс. COVID-19 өзінен-өзі жоғалып кептейді. Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдан шығуға көмектесу үшін келесі әрекеттерді орындауымыз керек. «Ауыр, өлімге әкеп соғатын ауруларға осал адамдарды жұқпалы аурулардың алдын-алу және бақылау, вакциналау, ерте анықтау және жоғары сапалы күтім шараларын үнемі қолдану арқылы қорғау қажет. Вирустың таралуын жақсырақ қадағалайтын, вирус сипаттамаларын өзгертетін маңызды геномдық өзгерістерді анықтайтын сенімді интеграцияланған бақылау жүйелерін жасау керек. Денсаулық сақтау жүйелерінің икемділігін сақтау және жаңа алаң тудыратын вирус немесе тіпті пандемияға әкелуі мүмкін жаңа вирус пайда болғанда аурудың тез тарауына дайын болған жөн», - дейді ДДСҰ өкілдігі.

Related articles