Түркі Мәдениеті және Мұрасы Қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова Самарқанд қаласындағы 13-ші «Шарк тароналари» («Шығыс Әуендері») Халықаралық музыкалық фестивалі аясында өткен «Шығыс халықтарының музыкалық мәдениеті: жаһандану талаптарындағы шығармашылық үйлесімнің принциптері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.
Ақтоты Райымқұлова конференция барысындағы өз баяндамасында қонақтармен сәлемдесіп, маңызды жобаны жоғары деңгейде өткізуге ат салысқан ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, Ақтоты Райымқұлова жаһандық ортадағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және сақтау маңыздылығын ескере отырып, Түркі әлемінің ажырамас бөлігіне айналған Өзбекстанның бай мұрасын және бауырлас мемлекеттің түркі халықтарының материалды-мәдени құндылықтарын сақтау және насихаттау жолындағы бүгінгі жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ, Қор Президенті өскелең ұрпаққа бабаларымыздың бай мұрасын жалғастыру Түркі әлемі Мемлекеттерінің алдында тұрған ең басты міндет екендігіне ерекше назар аударды.
Түркі Мәдениеті және Мұрасы Қорының Президенті баяндамасының соңында ЮНЕСКО шеңберінде Өзбекстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен Өзбекстанның Мәдениет Министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан 13-ші «Шарк тароналари» Халықаралық музыкалық фестивалінің барлық қатысушыларына сәттілік тіледі.
Аталмыш іс-шараға Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, ЮНЕСКО өкілдері, шет мемлекеттері мамандары, солардың ішінде музыкатанушылар, фольклористтер, мәдениеттанушылар, үздік ЖОО ректорлары және халықаралық ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-шығармашылық орталықтарының жетекшілері де қатысты.