НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2035 жылға қарай Қазақстан энергетикасына 24,5 гигаватт қажеттілік болады. Бұл туралы елордада ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 60-шы отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгінгі отырыстың ТМД-ның барлық елдері үшін өзекті екенін атап өткім келеді. Біздің елдеріміздің достық қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтылысы және өңірдің электр энергетикасы саласындағы тиімді ынтымақтастықты дамытуға серпін беруі сөзсіз маңызды. Бүгін айтарлықтай мазмұнды күн тәртібі ұсынылған. Біз орнықты, төмен көміртекті электр энергетикасын дамытудың, ұлттық және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қолдау мен ТМД елдерінің жаңартылатын энергетикадағы ынтымақтастығы мәселелерін талқылаймыз. ТМД Электр энергетикалық кеңесі жанындағы Үйлестіру кеңесі енгізген бірқатар құжаттарды қарастырамыз», - деді Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов отырыстың ашылуында. Оның айтуынша, Қазақстанда электр энергиясын өндіруді 190 станция жүзеге асырады, олардың жалпы қуаты 24 гигаватты құраса, қолда бар қуаты 19 гигаватқа жетеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 114,5 млрд гигаватт сағат өндірілген электр энергиясында көмір станцияларының үлесі – 69%, газ станцияларының үлесі – 20%, су электр станцияларының үлесі – 7,4%, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,6% болған. Жаңа өндіру қуаттарын іске қосуға қажетті көлем мен құрылымын анықтау үшін 2035 жылға дейін энергетикалық кешеннің дамуын модельдеу жүргізілді, өндірісті тұтыну болжамы есептеліп, 2035 жылға дейінгі энергетикалық баланс әзірленді. «Жалпы алғанда, 2035 жылға қарай Қазақстан энергетикасына 24,5 гигаватт қажеттілігі жүктемесін жабу үшін жаңа генерацияны енгізу қажет. Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу бағытын қабылдағанын ескеріп, 11 гигаватт жаңа генерация төмен көміртекті генерация көзімен ұсынылатын болады. Біз мұнда атом станциясы, жаңартылатын энергия көздері туралы айтып отырмыз. Сондай-ақ, дәстүрлі газ генерациясы мен көмір генерациясын жаңғырту 6,5 гигаватты құрайды», - деді Жандос Нұрмағанбетов.