АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту талап етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы осы жылғы наурыз айындағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асып, жеделдей бастады. Оқу жылының оффлайн форматына толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі мен кеңсе тауарлары бойынша соңғы екі айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды. Жылдық мәнде инфляция 17,7 пайызға жетті», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның дерегінше, азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосып отыр. Ол жылдық мәнде 22,2 пайызға жетті. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17 пайызға дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3 пайызға жетті.
«Фискалдық ынталандыру аясында жоғары инфляциялық процестердің орнықтылығы және экономикадағы сұраныстың күшеюі, оның ішінде жоғары инфляциялық күтулерді қолдайтын жаңа күтілмеген сыртқы өзгерістерді ескерсек, ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту талап етіледі», - деді Ғалымжан Пірматов.