АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда жедел штабтың отырысын өткізген Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмысы басталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмысы үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме - Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жедел штабы отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, үздіксіз транспорт жұмысын қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамазы етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды. Еске сала кетейік, Алматыда Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Онда Үкіметтік комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев және Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері баяндама жасады