НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың нақты секторына несие бөлуге банктерді жұмылдыру керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мемлекет басшысының айтуынша, отандық қаржы жүйесі жұмыс істеп тұрған барша кезеңде пайыздық каналдың толыққанды іске қосылуына қол жеткізе алмадық. Бұл өз кезегінде ақша-несие саясатындағы тиімділікті төмендетіп отыр. Себебі бұл бағыт экономиканы басқарудың басты тетіктерінің бірі болды. Президенттің пайымынша, осы проблеманы шешу үшін қаржы саласын реттеушілер мен Үкімет тарапынан кешенді іс-шаралар қажет. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев монетарлық саясат саласындағы кемшіліктер қаржы секторын дамытуды тежеп отырғанын айтты. «Қазіргі кезде тұтынушылық қарыздардың қарқынды өсуі тұрғысында экономикалық белсенділіктің негізгі факторы болып саналатын корпоративті несиелеу үлесі қысқарып келеді. Бес жылда жалпы берілген қарыздардың көлемінде 68 пайыздан 41 пайызға дейін азайды», - деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент кез келген шағын жобаға мемлекеттік даму институттары немесе халықаралық қаржы институттары есебінен несие бөлу жағдайлары кездесетінін сынады. «Бұл ретте банктерде 11 трлн теңге сомасында өтімділігі жоғары активтер бар. Шын мәнінде, бұл деректер алаңдататын жағдай болып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл тұрғыда Президент ҚР Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне Үкімет тиісті тапсырманы жүктеу керектігін айтты. Осы бағытта экономиканың нақты секторын несиелеуге банктерді жұмылдыру үшін қосымша тетіктер мен ынталандыру қадамдарын даярлау тапсырылды.