НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы уақыттарда халық арасында, әлеуметтік желілерде еліміздің сыртқы қарызы өсіп барады деген алаңдаушылық пікірлер жүргені мәлім. Бұл шын мәнінде қауіпті үрдіс пе, әлде әлемдік экономикада қалыптасқан жағдай ма? Бұл төңіректегі мәселелерге қатысты Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков ойын білдірді. «Сыртқы қарыздың қаншалықты қауіпті немесе қауіпті емес екенін әдетте жалпы ішкі өніммен салыстырып қарайды. Егер біздің қарызымыз ЖІӨ-нің 50 пайызына жақындап қалса немесе асып кетсе, онда ол қауіпті белгі. Яғни, ел экономикасының жартысы шет мемлекетке тәуелді дегенді білдіреді. Ал әлемдегі ең үлкен сыртқы қарызы бар мемлекет АҚШ пен Жапония ғой. Олардың триллиондаған қарызы бар. Бірақ олардың сол қарызы қайтаратынына деген сенім өте жоғары. Біздің аймақта - ол жалпы экономиканың потенциалына байланысты. Көршілес Қырғызстан және Тәжікстанды алсақ, олардың сыртқы қарызы шынымен де сол жалпы ішкі өнімге шаққанда 50 пайызға жуықтап қалған елдер. Оның басым бөлігі Қытайға тиесілі», - деді Әлемдік экономика және саясат институтының маманы. Сарапшының пікірінше, қандай да бір елден қарыз алу – сол елге бодан болу дегенді білдірмейді. Жұмабек Сарабеков қарыз берген ел қаржы алған мемлекетке үстемдік саясатын жүргізбеуі тиіс екенін жеткізді. «Экономика – геосаясаттың бір құралы ғой. Оны ашық айту керек. Ол енді сол мемлекеттің билеуші элитасына байланысты. Сыртқы қарыз алу – сол елге бодандыққа өту дегенді білдірмейді. Дегенмен сыртқы қарызды көбейте берген дұрыс емес. Бірақ қарыз алу талаптары мен ережелеріне абай болу керек», - деп атап өтті Жұмабек Сарабеков. Таяуда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер ұлттық валюталарда сауда-саттық жасау бастамасын көтерді. Бұл құжат қыркүйекте Өзбекстанда өтетін саммитте қабылданады. Жұмабек Сарабековтің ойынша, бұл - доллардан түбегейлі бас тартуға бағытталған жоба. «Ұлттық валюталарда сауда-саттық жасау - санкциялық текетірес жағдайында өзекті болып отырған тақырып. Мысалы Ресейді айтсақ, ол ел батыс елдірінің санкциясы салдарынан доллар жүйесінен аластатылды. Долларды қолдануға үлкен кедергілер мен шектеулер бар. Сондықтан Ресей тарапы осыған, яғни ұлттық валюталарда сауда-саттық жасау идеясына ерекше мүдделі. Бұл ШЫҰ арасында сауда-саттықты өсіруі мүмкін. Дегенмен тез арада доллардан бас тарту мүмкін емес. Мысал келтіре кетейін. Қазақстан мен Пәкістанды айтсақ болады. Ол да ШЫҰ-ға мүше. Бізде Пәкістанмен арада сауда аса көп емес. Сондай-ақ ол мемлекетпен сауда жасасатын бизнесмендерге Пәкістанның ақшасынан гөрі доллар алған қолайлы. Өйткені, ол долларды алып, оны басқа нарықтарда жарата алады. Егер сіз Пәкістанның ақшасын алсаңыз, сіз оны тек сол мемлекетте ғана жұмсай аласыз. Сондықтан әзірге бұл - құр саяси мәлімдеме», - деп түйінеді сарапшы. Жұмабек Сарабековтің пайымынша, таяуда немесе алдағы бірнеше жылда доллардан бас тарту мүмкін емес. Сонымен қатар сарапшы Қытайдың өзі осы долларға негізделген қаржы жүйесінен пайда тауып отырған мемлекет екенін атап өтті.