ҚазАқпарат – Бес жылда 213 мыңнан астам ескі көлікті жоюға тапсырды. Бұл туралы «ӨКМ Операторы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасына 5 жыл болды. Осы аралықта қазақстандықтардан 213 983 көлік жоюға қабылданды. Атап айтқанда, оның 193 298-і жеңіл көлік, 8 027 автобус және 12 658 жүк көлігі. Тозығы жеткен көліктерін жоюға өткізген азаматтарға 31,9 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Сертификат бағдарламасы бойынша 54 831 автокөлік қабылданды. Аталған бағдарламаның нәтижесінде қазақстандықтар отандық өндірушіден 29 759 жаңа автокөлік сатып алды», - делінген таратылған мәліметте.
Сондай-ақ ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдік сертификатына айырбастау бағдарламасы бойынша 3 045 агротехника жоюға тапсырылды. Оның 801-і комбайн болса, 2 244 -і трактор.
2021 жылы ауыл шаруашылығы техникасын қабылдауға 2 380 квота бөлінді. Кейін ҚР Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі келісімімен қосымша тағы 1000 квота бөлінген болатын (580 тракторға, 420 комбайнға).
Естеріңізге салайық ескі көлікті жоюға қабылдау бағдарламасы 2016 жылдың 21 қарашада басталған болатын.
Ал ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау бағдарламасы 2020 жылдың 2 қарашасынан бастап іске қосылды. Бағдарлама аясында агротехниканы тапсырушыларға 560 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін жеңілдік сертификаты беріледі. Ал жеңіл автокөліктерге 210 мың, жолаушы және жүк көліктерінің санатына қарай 420 мыңнан 630 мың теңгеге дейін бағаланады.
Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы бойынша аймақтардан жиналған машиналар Қарағанды облысындағы зауытқа жеткізіледі. Істен шыққан көлік құралдары сол жерде қайта өңделеді. Қазіргі таңда зауыт 194 462 көлікті қайта өңдеді.