ҚазАқпарат – Елімізде бірқатар жол учаскелері ақылы болды. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» компаниясының Теlegram-дағы желісі арқылы жолдардағы төлем құны мен өзге де сұрақтар бойынша жауап алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ыңғайлы болу үшін Теlegram-да kazautozholbot (чат-бот) бар. Осы боттың көмегімен сіз «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға өтініш жолдауға, көлік құралының балансын тексеруге, сондай-ақ Республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы ақылы автомобиль жолдары (учаскелері) бойынша жүріп өту үшін төлем бағалары туралы ақпарат алуға болады», - делінген компания мәліметінде. Сонымен қатар, аталған жүйеде жабық тұрған немесе көлік қозғалысына шектеу енгізілген жол учаскелерін білуге болады. Еске сала кетейік, 4 жолақты қозғалысы бар бірінші санаттағы республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде ақы алу жүйесіне қорытынды тестілеу жүргізілді («Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Қапшағай – Талдықорған», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Ташкент», «Щучинск-Көкшетау»). Ақылы жол жүйесін енгізу туралы бұйрықтар әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтті және ағымдағы жылдың 23 қарашасында заңды күшіне енеді, сәйкесінше осы күннен бастап жол жүру ақысы алынатын болады. Ақылы жолдар бойынша қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастады.