2026 жылғы 24 маусымда Өзбекстан Республикасының Наманган қаласында III Халықаралық Мақом өнері форумы аясында «Шығыс мақомының жаңа үрдістері: дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысы» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шарада сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова мақом өнерін сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол Өзбекстан Республикасының Түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау және дамыту ісіндегі айрықша рөлін, сондай-ақ елде мәдениет, өнер, ғылым және білім салаларын қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарды жоғары бағалады.
Өз сөзінде Ақтоты Райымқұлова Қордың мәдени мұраны цифрландыру саласында жүзеге асырып жатқан жобаларына, сондай-ақ Бірінші Баку Түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған халықаралық бастамаларға ерекше назар аударды. Ол заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің мәдени мұраны, соның ішінде мақом өнерін сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті.
Ақтоты Райымқұлова форумның ашылуында Өзбекстан Республикасының Президенті жариялаған бастамаларға арнайы тоқталып, Жаңа Ташкентте салынып жатқан Мақом орталығына Бүкіләлемдік Мақом орталығы мәртебесін беру, оның жанынан Халықаралық мақом академиясын, Халықаралық цифрлық кітапхана мен ғылыми зертхананы құру, сондай-ақ бірыңғай Дүниежүзілік Мақом антологиясын әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды жоғары бағалады. Оның айтуынша, аталған бастамаларды жүзеге асыру әлем халықтарының бірегей музыкалық мұрасын сақтауға және оны халықаралық деңгейде кеңінен танытуға ықпал етеді.
Конференция барысында түрлі елдерден келген ғалымдар, музыкатанушылар, мәдениет қайраткерлері және халықаралық ұйымдардың өкілдері шығыс мақом өнерінің дамуындағы заманауи үрдістерді, дәстүрлі музыкалық мұраны сақтау мәселелерін, цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ мақом өнерін жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау жолдарын талқылады.
Қатысушылар конференцияны түркі және шығыс музыкалық дәстүрлерінің одан әрі даму перспективаларын айқындауға, ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде жоғары бағалады.


