НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай елімізде мұнай өнімдерін өндіру көлемі 15,3 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Биыл Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұл өндіріс қуатын жылына 400 450 мың тоннаға дейін ұлғайтады», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы баяндаған министр.
Оның айтуынша, Түркістан облысында жеке инвесторлармен мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
«Бірінші жоба - «Standart Рetroleum & Со». Жобаның мұнайды қайта өңдеу қуаты 2 млн тоннаға тең. Екіншісі – жылына 100 мың тонна көмірден қайта өндеу арқылы синтетикалық мұнай өндіруге мүмкіндік беретін «Стандарт Ресорсиз» жобасы. Ал кейін одан мұнай өнімдері шығарылады», - деді ол.
Министр 2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, гидротазарту қондырғысын жаңғырту жөніндегі жоба іске асырылатындығын айтты. Жаңғырту нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қыстық дизель отыны шығарылады.
«Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асырудың арқасында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2.2 млн тоннаға дейін артып, 15,3 млн тоннаны құрайтын болады. Тартылатын инвестициялар көлемі 148,5 млрд теңгені құрайды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.