Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мұнай саласындағы қондырғылар өндірісін жергіліктендіру жоспарын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі келесі бастама – ағымдағы жылы құрылған Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы болып табылады. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – еліміздегі мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру. Ол үшін орталық жаңа өндірістер ашып, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтеді», - деді ол. Ведомство басшысының айтуынша, аталмыш орталық саладағы операторлардың ұсынысы бойынша үш түрлі тауардың өндірісін жергіліктендіруді қолға алған. Олар: - Бекіту арматурасы (клапандар); - Электротехникалық жабдық; - Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика. «Отандық өндірушілердің қажеттіліктері бойынша толық деректерге және тиісті мүмкіндіктерге талдау жүргізгеннен кейін қалған тауар топтары бойынша ұсыныстар енгізіледі», - деді министр.