ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы әуежайда реконструкциялау жұмыстары жазға дейін аяқталады деп күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Алакөлге жақын орналасқан Үржар ауылындағы әуежайда жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстары бойынша жиналыс өткізді.
«Бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Үржар ауданында Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны саналатын – Алакөл бар. Сондықтан туристік маусымның басында әуежайдың туристерді қабылдай алуы өте маңызды. Бұл осы саланы дамытудағы үлкен қадам. Қазір басты кезеңдердің бірі – ұшақтарды түнгі уақытта қабылдауға мүмкіндік беретін заманауи жарық-дабыл жабдығын орнату жұмыстары жүргізілуде», - деді облыс әкімі.
Өз сөзінде ол сараптамалық компанияларды шақыруды тапсырды. Олар қондырғының дұрыс және ауытқусыз жасалғанына көз жеткізуі шарт.
«Ұшу-қону жолағындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Нәтижесінде, оның ені 35 метрге, ал ұзындығы 2,7 шақырымға дейін ұлғайды. Қайта жаңғыртудан кейін Үржар ауылының әуежайы шағын авиацияның ғана емес, Embraer, Bombardier класты және басқа да ұшақтарды қабылдай алады. Бұл Алакөл жағалауындағы туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Даниал Ахметов.