Байқоңырдағы ұшыру алаңына «Союз» зымыраны орнатылды

Байқоңырдағы ұшыру алаңына «Союз» зымыраны орнатылды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Бүгін «Союз-2.16» зымыран тасығышы «Прогресс М-УМ» көлік жүк кемесі және «Причал» түйін модулімен бірге Байқоңыр ғарыш айлағының №31 алаңындағы («Восток») старт кешеніне орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ұшырылымға үш күн қалды дегенді білдіреді. «Прогресс М-УМ» көлік жүк кемесі және «Причал» түйін модулін «Союз-2.16» зымыран тасығышын ұшыру 24 қарашада Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:06-ға жоспарланған.

«Причал» жаңа модулі Халықаралық ғарыш стансасының ресейлік сегментінде техникалық және пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайтуға арналған. Ол «Наука» көпмақсатты зертханалық модулінің түйініне жалғанады«, деп хабарлады «Роскосмостың» баспасөз қызметі.

Одан бөлек, кеме ХҒС бортына 700 келі жүк жеткізуі керек. Олардың ішінде аппаратура қоры, шығын материалдары, су тазартқыш, медициналық бақылау және санитарлық-гигиеналық құралдар, техникалық қамтамасыз ету және жөндеу құралдары, сонымен қатар орбитада жұмыс істейтін ғарышкерлерге арналған тамақ қоры бар.

Азы-түлік қоры 2021 жылдың 8 желтоқсанында ғарышқа ұшатын «Союз МС-20» экипажына да қарастырылған.