ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Кеше АҚШ-тың Сауда өкілдігі Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісім (TIFA) Кеңесі отырысының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесуге қатысушылар TIFA міндеттемелері аясында кеңеске мүше елдер арасындағы сауда және инвестициялар бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Атап айтқанда, тараптар жұмыс күші, әйелдердің экономикалық мүмкіндігін арттыру, зияткерлік меншік, саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар және цифрлық сауда мен кедендік процедураларға қатысты мәселелерді талқылады.
Кездесу кезінде АҚШ тарапы Орталық Азиядағы экономикалық реформаларды жоғары бағалап, бірқатар сала бойынша қолдау көрсететінін атап өтті. Делегация өкілдері «C5+1» аймақтық платформасы аясында экономикалық өсімді ынталандыру бойынша қосымша күш салуға әзір екендерін мәлімдеді.
Бұған қоса, кеңеске қатысушылар былтыр TIFA жанындағы цифрлық сауда жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Яғни, оған сай тараптар цифрлық экономиканы реттейтін шараларды әзірлеу, шағын және орта бизнестің жаһандық нарықтарға қатысуын қамтамасыз ету үшін мүдделі тараптармен кеңес өткізу туралы келісімге келді.
Сонымен қатар, TIFA-ға мүше елдер Орталық Азия АҚШ-тың Жалпы преференциялар жүйесі (GSP) бағдарламасын қайта қолға алуын қолдайтынын және оған мүдделі екенін білдірді. Бұл өз кезегінде серіктестік салаларына және экономикалық өсімге ықпал етпек.