2026 жылғы 19 маусымда Қырғыз Республикасында Шыңғыс Айтматов атындағы 40-шы мерейтойлық Халықаралық Ыстықкөл форумы аясында пленарлық отырыстар өз жұмысын жалғастырды. Пленарлық отырыстардың бірінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады.
Өз сөзінде профессор Ақтоты Райымқұлова Ыстықкөл форумының Еуразия кеңістігіндегі ең беделді зияткерлік алаңдардың бірі екенін атап өтіп, оның мемлекет қайраткерлерін, ғалымдарды, дипломаттарды, мәдениет өкілдерін және халықаралық сарапшыларды қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылау мақсатында бір арнаға тоғыстырғанын айтты.
Қор президенті биылғы форумның қырғыз халқының ұлы жазушысы, ойшылы әрі гуманисі Шыңғыс Айтматовтың туғанына 100 жыл толуына арналуының ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шыңғыс Айтматовтың мұрасы тек Қырғызстан мен Түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ рухани қазынасы болып табылады. Жазушы шығармаларында көрініс тапқан адам қадір-қасиеті, Отанға деген сүйіспеншілік, тарихи жадыға адалдық және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтар бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Сөз барысында Ақтоты Райымқұлова форум қатысушыларын Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жүзеге асырып жатқан жобалармен таныстырды. Әсіресе түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған бастамаларға, сондай-ақ цифрландыру, инновациялар, ғылым және білім беру салаларындағы жобаларға ерекше назар аударды. Аталған жобалар қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және Түркі әлемінің орнықты дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Форум өз жұмысын 21 маусымға дейін жалғастырады.