Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында 5 тамызда Бакудің Теңіз жағалауы бульварында қазақтың 10 қанатты киіз үйін ашу салтанаты өтті. Онда 6-31 тамыз аралығында «Welcome to KZ» ақпараттық-туристік орталығы жұмыс істейтін болады.
Іс-шараның шымылдығын ашқан Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов мемлекетаралық қатынастарымыз жоғары деңгейде екенін атай отырып, осынау жоба сан ғасырлық достық байланыстары қалыптасқан әрі ортақ тарихқа ие бауырлас қос халықтың рухани жақындасуы мен мәдени өзара баюына бағытталғанын баса айтты. Дипломат киіз үйге келушілер Қазақстанның заманауи дамуы, мәдени және туристік көрікті жерлері, оның тарихы және салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға, ежелгі көшпенділер әлеміне еніп, Ұлы дала елінің әуендерінен сусындау мен ұлттық тағамдарының дәмін татуға мүмкіндік алатынын жеткізді.
Іс-шара басталар сәтте қонақтардың назарына Алматы қаласының, «Қазақстан» қонақ үйінің, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының, «Эйр Астана» әуе компаниясының, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қыран» сұңқармен аң аулау орталығының туристік стендтері, сондай-ақ асық ұлттық ойыны ұсынылды.
Артынша киіз үйде ӘР Жазушылары одағының хатшысы Шыңғыс Абдуллаевтың қатысуымен белгілі жазушы-аудармашы, прозаик Нариман Абдулрахманлының әзербайжан тілінде жарық көрген «Қазақ прозасының антологиясы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Аталған жинаққа Абай, Шәкәрім Құдайбердиев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Кемел Тоқаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әнуар Әлімжанов, Бақытжан Момышұлы, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Роллан Сейсенбаев сияқты Қазақстанның 54 танымал әдебиетшісінен құралған қылқалам шеберлерінің шығармалары енді.
Әзербайжанның мемлекеттік және қоғамдық-шығармашылық ортасы өкілдері Қазақстанның бай мәдени мұрасын, екі туысқан халық арасындағы этникалық қарым-қатынастың тарихи тұрғыдан тоғысқанын атай отырып, акцияның өткізілгенін жоғары бағалады.
Шара соңында қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, «Шымбұлақ» курортының қонақүйі мен Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінде тұру мүмкіндігі қоса берілген Баку-Алматы-Баку бағытындағы екі әуе билетінің ұтыс ойынына қатысты.
«Бакудің Теңіз жағалауы бульварындағы қазақтың киіз үйі» жобасы өз жұмысын 31 тамызға дейін жалғастырады, әрі Алматы мен Шымкент қалалары, Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстары өздерінің туристік әлеуетін паш етіп, мәдени-концерттік және ойын-сауық бағдарламаларын ұсынбақ.
Іс-шараларды өткізуге Қазақстан Елшілігі, «Discover Almaty» туристік компаниясы, «Эйр Астана» әуе компаниясы және Қазақстанның Әзербайжандағы Сауда үйі қолдау көрсетуде.