Ресей қазақстандық құбырлар арқылы 11 жыл Қытайға мұнай экспорттайды

Ресей қазақстандық құбырлар арқылы 11 жыл Қытайға мұнай экспорттайды

2013 жылы жасалған Қазақстан арқылы Ресей мұнайын Қытайға тасымалдау туралы келісімнің мерзімі 2034 жылға дейін ұзартылады. Тиісті құжат «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздегі құбырлар арқылы Қытайға Ресей мұнай тасымалдау келісімінің мерзімі ұзартылды

«Қазақстан Ресей тарапының уәкілетті ұйымының жылына 10 млн тонна көлемінде ресейлік мұнайды ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай жасайды. Атап айтқанда, «Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» магистральдық мұнай құбыры, Прииртышск (Ресей мен Қазақстан шекарасы) – Атасу (Қазақстан) – Алашаңқай (Қытай Халық Республикасы) тасымалдау бағыты бойынша магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын береді», - делінген құжатта.

Келісім жобасында жазылғандай, Ресей тарапы құбыр арқылы тасымалданған мұнайдың әр тоннасы үшін Қазақстанға 2,1 доллар ақша төлейді.

«Ресей тарапының уәкілетті ұйымына заңды негізде тиесілі жылына 10 млн тонна мөлшеріндегі мұнай тасымалдау құны бір тонна үшін 2,1 АҚШ долларын құрайды және оны Қазақстан тарапының уәкілетті ұйымы төлемге тапсырма берген күні ҚР Ұлттық банкі белгілеген теңгеге шаққандағы АҚШ долларының бағамы негізінде теңгемен төлейді», - деп көрсетілген құжатта.

Көпшілік талқылауға шығарылып отырған келісім 2034 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылады.