Қазақстанда мұнай бойынша келісімшарт жасау кезінде ұлттық мүддені қорғайтын жұмыс тобы құрылды

Қазақстанда мұнай бойынша келісімшарт жасау кезінде ұлттық мүддені қорғайтын жұмыс тобы құрылды

ҚазАқпарат – Елімізде ірі мұнай келісімшарттарын жасасу кезінде ұлттық мүдделерді қорғау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның ұсыныстары болашақта төрелік талқылауларда қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өнімді бөлу туралы келісімдерде Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:

1. Осы өкімнің қосымшасына сәйкес құрамда өнімді бөлу туралы келісімдерді іске асыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылсын.

2. Жұмыс тобы өнімді бөлу туралы келісімдерде, оның ішінде төрелік талқылаулар бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау жөнінде ұсыныстар тұжырымдамасын әзірлейді.

3. Осы өкімнің орындалуын бақылау ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелсін», - делінген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қойған өкімде.

Мәлім болғандай, аталған комиссияның құрамына мына лауазымдағы тұлғалар енді:

- ҚР Премьер-Министрі, төраға;

- ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары;

- ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі, төрағаның орынбасары;

- ҚР Энергетика вице-министрі, хатшы;

- ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары (келісім бойынша);

- ҚР Президентінің кеңесшісі (келісім бойынша);

- ҚР Әділет министрі;

- ҚР Энергетика министрі;

- ҚР Бас прокурорының орынбасары (келісім бойынша);

- ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (келісім бойынша);

- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша);

- «PSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры (келісім бойынша).