Соңғы минут

Германияға экспортталуы тиіс 20 мың тонна мұнай әлі жеткізілген жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Германияға ақпанның бірінші жартысында жеткізілуі тиіс қазақстандық мұнай бүгінгі күні жолға шыққан жоқ. Аталған ақпаратты «ҚазТрансОйл» АҚ растап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 21 ақпандағы жағдай бойынша қазақстандық мұнайды «Дружба» мұнай құбыры арқылы «Адамова застава» мұнай тапсыру бекетіне дейін Германияға жеткізу жобасы жүзеге асқан жоқ», - деп жауап берді агенттік жолдаған сауалға «ҚазТрансОйл» АҚ ішкі коммуникация және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов.

Еске салсақ, Энергетика министрі Болат Ақшолақов ақпан айының бірінші жартысында Қазақстан Германияға мұнай экспортының алғашқы партиясын жеткізетінін айтқан еді.

«Мұнай тасымалдау техникалық тұрғыдан проблема емес. Бүгін Ресей Федерациясының Энергетика министрлігіндегі әріптестеріммен сөйлестім. Мұнай жеткізу техникалық қайта бағыттау және маршруттарға байланысты. Ақпан айында мұнайды жеткізуді жүзеге асырамыз. Әзірге бірінші партия - 20 мың тонна», - деді Болат Ақшолақов министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына.

Айта кетейік, бұған дейін «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Германия Федеративті Республикасына 300 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдайтыны айтылды.

Сондай-ақ Болат Ақшолақов Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай алатынымызды мәлім еткен.