АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау қаласындағы жаңа шағын аудандарды электр энергиясымен қамту үшін арнайы жоба іске асырылып жатыр. Кабельдік желі мен «ХАБ-1» және «ХАБ-2» қосалқы станциялары 13 шағын ауданды ток көзімен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Каспий энергетикалық хабы» сыртқы инфрақұрылымын салу жобасы аясында кернеулігі 110 кв электр беретін желі және 2 қосалқы станция (110/10 кв қосалқы станция) салынып жатыр. Кабель желісінің жалпы ұзындығы – 4 760 метр болады», - дейді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің мамандары. Қосалқы станция ғимараттарының жалпы ауданы – 1514,5 шаршы метр. ХАБ-1 және ХАБ-2 қосалқы станциясы 13 жаңа шағын ауданды (18, 18а, 19, 20, 20а, 19а, 36-42) электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, электр желілерін жобалау барысында қуаттылығын арттыру үшін болашақта басқа қосалқы станцияларды да қосу қарастырылған.