НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атом электр стансасын салу неғұрлым перспективалық шешім. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атом энергетикасының тарихы жарты ғасырдан астам мезгілді қамтиды және осы кезең ішінде энергетиканың дәстүрлі саласына айналып келді. Бүгінде, 31 ел атом электр станцияларын пайдаланады. 2022 жылғы ақпандағы жағдай бойынша әлемде жалпы қуаты шамамен 390 Гвт көлемінде 439 энергетикалық реактор жұмыс істейді. Әлемнің 19 елі 52 реактор салу сатысында. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10 пайызын құрайды», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін жеткілікті әлеует бар және еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр. «Елімізде ядролық отын компоненттерінің өндірісі бар. Сондай-ақ уранды изотопты байыту қызметтері жеткілікті. Өткен жылы Үлбі металлургия зауытында Қытайдың атом электр станциялары үшін ядролық отын шығаратын зауыт іске қосылды. Ядролық отынның белсенді өндірісі басталды. Өндірістік қуаттардың тозуымен байланысты электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне орай көмір генерациясынан тәуелділігін төмендету қажеттілігін, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамудың ауқымды әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС-ты салуды неғұрлым перспективалық шешім болып табылады деп пайымдаймыз», - деді Болат Ақшолақов.