НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған жаңа механизмі дайындалды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті қамту құралын қолдануға қатысты тиісті өзгерістер енгізілді. Халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған 5 жаңа механизм әзірленді. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында «ел ішіндегі құндылық» ұғымы мен даму саясаты көзделген. Бұл ұғым халықаралық аренада танылған (Оман, Түркия, Франция елдерінде), сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сәйкес келеді. Ендігі уақытта ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішіндегі құндылықты дамытудың жеке бағдарламасын және отандық өндіріс тауарларын сатып алуға көшу жоспарын қабылдайды», - деді Бейбіт Атамқұлов . Оның атйуынша, министрлік нарық субъектілерінің барлық сатып алуларына мониторинг жүргізеді. «Дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қатысуымен офтейк-келісімшарттар, офсеттік шарттар пайдаланылады. Бұл ретте оффтейк-келісімшарттар өндірісті оқшаулауға және жаңаларын ашуға, ал офсеттік шарттар технологиялар трансферті мен инвестициялар тартуға бағытталады. Ұзақ мерзімді шарттар жұмыс істеп тұрған өндірістердің өнімдерін өткізуді қамтамасыз етеді», - дейді ол.