2026 жылғы 18–20 қыркүйекте Бакуде XVIII Үзәйір Гаджибейлі халықаралық музыка фестивалі аясында Түркі әлемі композиторларының бірінші конгресі өтеді.
Конгресті Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ИСЕСКО-ның Баку өңірлік кеңсесі, Әзербайжан Композиторлар одағы және Әзербайжан ұлттық консерваториясымен бірлесіп ұйымдастырады.
Конгресс Бірінші Баку түркологиялық съезінің 100 жылдығына, Низами Гәнжауидің 885 жылдығына және Әлішер Науаидың 585 жылдығына арналады.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Венгрияның музыка саласының көрнекті өкілдері қатысады.
Үш күндік бағдарлама институционалдық, академиялық және концерттік іс-шараларды біріктіреді. Оның аясында пленарлық және құрылтай отырыстары, халықаралық дөңгелек үстел, тақырыптық көрмелер, симфониялық, камералық және дәстүрлі музыка концерттері өтеді.
Конгрестің басты оқиғасы Түркі әлемі композиторлары одағының құрылуы болмақ. Жаңа халықаралық кәсіби алаң түркі елдерінің жетекші композиторларын, музыкатанушыларын, орындаушыларын және ірі музыкалық ұйымдарының өкілдерін біріктіруді көздейді.
19 қыркүйекте Бакудегі Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде Түркі әлемі композиторлары одағының құрылтай отырысы өтеді.
Отырыста Одақты құру туралы Баку декларациясына қол қою және жаңа халықаралық кәсіби ұйымның Жарғы жобасын талқылау жоспарланып отыр.
Одақтың құрылуы Түркі әлеміндегі музыкалық қауымдастықтар арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған. Ортақ музыкалық мұраны сақтау мен дамытуға, заманауи композиторлық мектептерді қолдауға, шығармашылық алмасуға және түркі музыкасын халықаралық деңгейде насихаттауға ерекше назар аударылады.
19 қыркүйек күні сағат 16:00-де Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде Конгрестің қорытындылары, Одақтың құрылуы, Баку декларациясының қабылдануы және жаңа кәсіби бірлестіктің даму перспективаларына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.







