Соңғы минут

Türk Dünıesi Aptası Baqı Aktoty Raimkulova Türk Mädenıetı men Mıras Qorı Türk Memleketteri Uyımdarı TURKSOY Azerbayjan

Бакуде «Түркі әлемі апталығы» басталды: Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бірқатар халықаралық іс-шараларды ұйымдастырады

2026 жылғы 29 маусымда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Бакудегі Гейдар Әлиев Орталығы ғимаратында өткен Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған «Түркі әлемі апталығының» салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

«Түркі әлемі апталығы» Ильхам Әлиевтің 2025 жылғы 22 қазандағы «Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдық мерейтойын өткізу туралы» өкіміне сәйкес ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған іс-шаралар кешенін өткізу туралы бастама 2025 жылғы 7 қазанда Әзербайжан Республикасының Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің XII саммитінде түркі мемлекеттері басшылары тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Салтанатты ашылу рәсімі барысында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттері басшыларының Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған «Түркі әлемі апталығының» қатысушыларына жолдаған құттықтау сөздері көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Әділ Керімли, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісі Төрағасының орынбасары, академик Рафаэль Гусейнов болды. Өз сөздерінде олар Бірінші Түркологиялық құрылтайдың Түркі әлемінің ғылыми және мәдени ықпалдастығын дамытудағы тарихи маңызын ерекше атап өтті.

Салтанатты рәсім концерттік бағдарламамен жалғасты.

3 шілдеге дейін жалғасатын «Түркі әлемі апталығы» Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы және Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрлігі тарапынан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының, Түркі мемлекеттері ұйымының, ТҮРКСОЙ-дың, Баку мемлекеттік университетінің және Түркі академиясының әріптестік қатысуымен ұйымдастырылуда.

«Түркі әлемі апталығы» аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бірқатар маңызды ғылыми және мәдени іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі серіктесі ретінде қатысады.

30 маусым күні Қордың бастамасымен әзербайжан, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Бірінші Түркологиялық съезд» кітабының тұсаукесері өтеді. 2 шілде күні Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Әзербайжанның Ұлттық тарих музейімен бірлесіп «Баку, 1926: Тіл, Ой, Бірлік» атты көрменің ашылуын өткізеді. Осы күні Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының «Шуша» залында Қор Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп «Ортақ түркі өткенінен – ортақ түркі болашағына» тақырыбындағы VIII Халықаралық ғылыми симпозиумның салтанатты ашылуын ұйымдастырады.

Аталған іс-шаралардың өткізілуі Түркі мәдениеті және мұрасы қорының түркі халықтарының ортақ ғылыми мұрасын зерттеу, кеңінен насихаттау және оны келер ұрпаққа жеткізуге, сондай-ақ Түркі әлеміндегі ғылыми және мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жүйелі қызметінің тағы бір айқын көрінісі болмақ.