АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірінші жартыжылдықта Қазақстанға сырттан 14,7 млрд доллар инвестиция тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жайында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Астанада өтіп жатқан инвестициялық форум кулуарында мәлім етті.
«Жыл сайын Қазақстанға сырттан тартылатын инвестиция көлемі 24 млрд доллардың көлемінде болатын. Пандемияға байланысты бұл көрсеткіш 2019 жылы17 млрд долларға төмендеді. Бірақ былтырғы көрсеткіш 24 млрд долларға жетті. Биыл да жақсы келе жатырмыз. Әзірше жарты жылдың статистикасы бар – 28 пайыз өсіп, 14,7 млрд доллар болды. Бұл – жарты жылдың көрсеткіші», - деді вице-министр.
Сондай-ақ ол Қазақстан экономикасына инвестиция салып келе жатқан елдердің алғашқы ондығына қай елдер кіретінін айтты.
«Бұл санатта Батыс Еуропаның жетекші елдері, Ресей мен Қытай, АҚШ, Жапония, сияқты елдер кіреді. Үнді елінің инвесторлары да кейінгі жылдары белсенділік танытып жүр. Сан жағынан келсек, Түркия компанияларының қызығушылығы қашан да жоғары», - деді Алмас Айдаров.