АСТАНА. ҚазАқпарат – Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7 пайызға дейін жеделдеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8 пайызды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,1 пайызды, ал қызмет көрсетуде 1,9 пайызға жетті. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі, сауда, тау-кен өнеркәсібі салаларында тіркелді», - деді Ә. Қуантыров.
Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7 пайызға дейін жеделдеді. Инвестициялар ағының өсімі білім беруде 45 пайызға, саудада 23,3 пайызға, құрылыста 23 пайызға, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар бойынша 17,5 пайызға, тау-кен өндіру өнеркісәбінде 10,7 пайызға, көлік және қойма саласында 9,2 пайызға, ауыл шаруашылығында 7,5 пайызға ұлғайды.
Өңірлер арасындағы ең жоғары өсім Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарында, Алматы мен Шымкент қалаларында байқалып отыр.