2026 жылғы 29 маусым мен 3 шілде аралығында Әзербайжанда өтіп жатқан Түркі әлемі апталығы аясында «Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында түркі тілдерін, әдебиеті мен тарихын оқыту» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Конференция Баку мемлекеттік университетінің бастамасымен ұйымдастырылып, қазіргі заман талаптары жағдайында түркі тілдері, әдебиеті мен тарихын оқыту мәселелеріне, осы саладағы халықаралық тәжірибені зерделеуге, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және ортақ академиялық тәсілдерді қалыптастыруға арналды.
Конференцияның ашылу рәсімінде құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Түркі әлемі апталығы аясында, Бірінші Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл конференцияның ерекше символдық маңызға ие екенін атап өтті.
Қор Президенті жаһандану жағдайында түркі тілдерін, әдебиеті мен тарихын оқытудың ұлттық бірегейлікті, ортақ құндылықтар мен мәдени жадыны сақтауда стратегиялық мәнге ие екенін айтты. Сонымен қатар, Қор жүзеге асырып жатқан баспа жобалары мен Түркі әлемі апталығы аясындағы іс-шаралар ортақ мұраны сақтауға және Түркі әлемінің біртұтас ғылыми әрі мәдени кеңістігін дамытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Ашылу рәсімінде сондай-ақ Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Иса Габиббейлі, Түркия ғылым академиясының (TÜBA) президенті, профессор, доктор Музаффер Шекер, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрінің орынбасары Саадат Юсифова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Мехмет Оджал Оғыз, сондай-ақ Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев сөз сөйледі.
Конференция түркітану ғылымының одан әрі дамуына жаңа серпін беріп, әртүрлі елдердің ғалымдары мен сарапшылары арасындағы ғылыми диалогты кеңейтуге, сондай-ақ Түркі әлемінің біртұтас білім беру және ғылыми-зерттеу кеңістігін одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп күтілуде.