Парижде Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен UNESCO төтенше жағдайлар бөлімінің директорымен мәдени мұраны сақтау және бірлескен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

2026 жылғы 1 маусымда Париж қаласына жұмыс сапары аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова UNESCO-ның Мәдениет және төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің директоры Криста Пиккатпен ресми екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу мәдени мұра объектілерін төтенше және дағдарыстық жағдайларда қорғау мен қалпына келтіру мәселелерін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы бағыттағы өңірлік ынтымақтастық тетіктерін нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие болды.

Кездесу барысында Қордың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мәдени мұра объектілерін реставрациялау және қорғау саласындағы өңірлік сараптамалық бағдарламалар мен оқыту іс-шараларының тиімділігіне, сондай-ақ мәдени құндылықтардың заңсыз айналымына қарсы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарға жоғары баға берілді.

Талқылаулар барысында Қор президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова UNESCO тарапына өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жаңа практикалық ұсыныстарын таныстырды.

Өз кезегінде UNESCO өкілі Криста Пиккат Түркі мәдениеті және мұрасы қорының әлемдік мәдени мұраны сақтау және өңірдегі мәдени дипломатияны нығайту ісіндегі белсенді қызметін жоғары бағалады. Ол ұсынылған бастамаларды қолдауға және төтенше жағдайларға дайындық аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Кездесу ортақ гуманитарлық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы серіктестікті одан әрі тереңдету жөніндегі уағдаластықпен аяқталды.