Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері «Абай» операсымен аяқталды

Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері «Абай» операсымен аяқталды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстандағы Қазақстанның мәдениет күндері Ташкенттің бас театрында «Абай» операсының көрсетілімімен салтанатты түрде аяқталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың телеграм каналына сілтемемен хабарлайды.

«Әлішер Науаи атындағы Үлкен театр сахнасында атақты қойылыммен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өнер көрсетті. Мен бұл мәдени іс-шараны ашу құрметіне ие болдым. Көрерменді құттықтап, Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға көмектескені үшін бауырлас елге алғысымды білдірдім.

«Абай» операсы кездейсоқ таңдалмады. Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлем үшін даңқты тұлға. Абай әрқашан адамзат баласын сүюге шақырған. Осы қағидаларға сүйене отырып, біз өзбек әріптестерімізбен қарым-қатынасты нығайту бағытында жұмыс істейміз деп келістік. Одан бөлек, биыл Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди дайындаған шығармаға 80 жыл толады.

Көрермендер қойылымға риза болды, қошемет ұзақ уақыт бойы басылмады. Қойылым аяқталғаннан кейін де сахнаға шығып актерлерімізге тамаша өнер көрсеткені үшін алғыс айттым», - деп жазады министр.

Айтуынша, Өзбекстандағы Қазақстанның мәдениет күндерінің төрт күндік бағдарламасы өте қарқынды болған. Мәселен, 20 маусымда Ташкенттегі «Туркистон» өнер сарайында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МКҰ артистерінің гала-концерті өтті. Артистеріміз 22 маусымда Самарқан облыстық музыкалық-драма театрында, 23 маусымда Бұхарадағы жастар орталығының концерт залында өнер көрсетті.

«Ал, Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы кинотеатрда 20-23 маусым аралығында Қазақстанның кино күндері өтті. Бағдарламаға «Мұқағали» (режиссер Болат Қалымбетов), «Дос-Мұқасан» (режиссер Айдын Сахаман), «Паралимпиадашы» (режиссер Алдияр Байрақымов), «Стартта» (режиссер Ернар Нұрғалиев), «1941 жылдың жазы» (режиссер Бекболат Шекеров) картиналары, қалпына келтірілген «Сұлтан Бейбарыс» (режиссер Болат Мансұров) лентасы енді және «Кенже қыз», «Бесік жыры», «Әмен аға ағашы» анимациялық фильмдері көрсетілді.

Қазақстандық артистердің қатысуымен өтетін мәдени іс-шаралар мұнымен аяқталмайды. Мысалы, биыл Өзбекстан Республикасына М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының гастрольдік сапары жоспарланған.

Өзбекстанға жұмыс сапарым аясында мен Ташкенттің бірқатар тарихи-мәдени ескерткішін араладым. Бұл – Төле би кесенесі және әлемдегі ең көне құран қолжазбасы сақталған Хаст-Имам мешіті.

Сонымен қатар, өзбек әріптесім Озодбек Назарбековпен екіжақты кездесу өткіздім. Біз елдеріміздің мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселесін талқыладық», - дейді Асхат Оралов.