Алматы полиция департаменті ансамблінің құрылғанына 60 жыл толды

Алматы полиция департаменті ансамблінің құрылғанына 60 жыл толды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық полиция департменті Ансамблінің құрылғанына 60 жыл толды. «Полиция күні» мерекесі қарсаңында өнер ұжымының тарихы мен бүгінгі өмірі жайлы ансамбль жетекшісі Артуш Сафарянды әңгімеге тартқан едік.

Спикердің сөзінше, 1963 жылы алғаш құрылғаннан бері ансамбль полиция қызметкерлерін қызметтік, азаматтық борышқа адалдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, бөлімшелерде салауатты моральдық-психологиялық ахуалды, берік қызметтік тәртіпті қалыптастыруға, қызметкерлердің адамгершілік қасиеті мен эстетикалық талғамы биік тұлға ретінде қалыптастыруда үлкен еңбек етіп келеді.

«Ансамбль 1963 жылдың 22 ақпанында ҚазСКР Қоғамдық тәртіпті күзету министрінің «ҚазСКР ҚТКМ өзіндік ән және би ансамблін құру туралы» туралы бұйрығына сәйкес құрылған болатын. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі Александр Шароватов, балетмейстер Николай Сидоров, оркестр дирижері Георгий Моор болды. Ансамбльдің міндеті - Отанды сүюге, антқа адал болуға, ұлттық және әлемдік мәдениеттің озық үлгілерін насихаттау, полицейлер мен олардың отбасы мүшелеріне рухани демалыс сыйлау, көркем шығармашылыққа белсенді баулу болып табылады», - дейді спикер.

Полиция ансамблі әр жылдары шеберлігі мен полицейлерді Отансүйгіштікке, патриоттық сезімде тәрбиелегені үшін көптеген құрмет, марапаттарға ие болған.

«Ансамбль үш рет «Халық ансамблі» атағын иеленді, 1967, 1970, 1977 және 1986 жылдарда төрт рет Мәскеу қаласының ішкі істер органдарының өнерпаздық шызармашылығының бүкіл одақтық фестивалінде лауреат болды, ансамбльдің әсем билері мен әндері Кремльдің съездер сарайында, Кеңес әскерінің орталық үйінде, «Останкино» телеорталығында, «Звездный» қалашығында, КСРО ВДНХ, Тула, Кишинев, Киев, Ташкент және басқа қалаларда шырқалды. Полиция ансамблінің концерттеріне үнемі қатысушылар ретінде Анна Ойстрах, Надежда Глухова, Михаил Ермаханов, Владимир Мизин, Виктор Дмитриенко, Нина Семенкова, Қалихан Имантаев, Нина Козлова және ішкі істер органдарының басқа да ардагерлері болды. Сондай-ақ, ансамбль құрамында ҚР құрметті әртісі Марат Максутов, әнші Айжамал Азбаева, домбырашы Серік Омаржанов өнер көрсетті», - деді Артуш Сафарян.

Оның сөзінше, ҚР ІІМ құрметті қызметкері Анатолий Тернополко ансамбльдің 40 жылдан астам уақыт көркемдік жетекшісі болған.

«Оның тікелей қатысуымен ансамбль төрт мыңнан астам рет сахнаға шықты, концерттер өткізілді. Одан бөлек, ансамбльге көп жылдар бойы ҚазКСР мәдениетінің құрметті қызметкерлері Владимир Мамезиров, Геннадий Сирота басшылық еткен. Соңғы 30 жыл ішінде ансамбльдің құрамында Вячеслав Разумный, Вадим Каннуников, Артуш Сафарян, Бахтияр Абдрашев жане басқалар еңбек етіп келеді», - дейді кейіпкеріміз.

Алматы полиция департаменті ансамблінің шығармашылық жолындағы жаңа жетістіктері еліміз тәуелсіздігін алған соң басталды.

«2000 жылы ҚР ішкі істер органдары мен ішкі әскер арасындағы халық шығармашылығын дамытудағы жеткен жетістігі үшін ансамбль 1-ші дәрежелі дипломға ие болды. Алматы полиция департаменті ансамблінің концерттеріне ҚР халық әртістері Ермек Серкебаев, Әлібек Днішев, Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесоглу, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағамбетовалар қатыстқан еді. Бүгінгі күні ансамбльдің құрамында 23 адам еңбек етеді. Олар әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Жалпы, полиция ансамблі бүгінде эстрадалық бағдарламамен жас қызметкерлер мен тәлімгерлер слетінде, гарнизондық жиналыста, еске алу кештерінде, қызметкерлер мен олардың жанұяларына, ішкі істер органдары ардагерлеріне, ақындар кешінде, қалалық іс-шараларда, салтанатты саптық, жас қызметкерлердің ант қабылдауында шығып жүр», - деді ол.

Ансамбль полицейлік және әскери-патриоттық тақырыптағы классикалық, әлемдік және отандық шығармалар, халық әндері, эстрадалық және джаздық шығармаларды орындайды.

«Оларды жоғары шеберлікпен орындауы оның көркемдік жетекшісіне байланысты. Осы орайда ҚР мәдениетінің құрметті қайраткері Нұрлан Байкөзовтің еңбегі зор. Алматы ПД ансамблінің әншілері Игорь Благодарного, Жұлдыз Үскембаева, Қайрат Игіліков, Жанлелді Жомартов, Гүлниза Жұмажановалардың өнері ерекше сезім сыйлайды. Алматы қаласы полиция департаментінің ансамблі жоғары мәдениетті, ішкі істер органдарының дәстүрін сақтауды насихаттауда, жастар мен қызметкерлерді рухани және эстетикалық тұрғыда тәрбиелеуде баға жетте үлес қосуда», - деді Алматы қалалық полиция департменті ансамблінің жетекшісі Артуш Сафарян.

Сөз соңында ол ансамбльге жан-жақты қолдау, көмек көрсетіп келе жатқан Ішкі істер министрлігіне, Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығына алғысын айтты.

«Биыл ансамблідің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Біз бұл мерекені тойлауды жыл басынан бастап кеттік және ол жыл соңына дейін жалғасады. Айту керек, 60 жыл бойы ансамбльдің дамуына Ішкі істер министрлігі мен қалалық полиция департаментінің қосқан еңбегі зор. Сол үшін оларға алғысымды айтамын. Қазір біздің өзіміздің заманауи залымыз, музыкалық аспаптарымыз бар. Басшылық бізге үнемі қамқорлық көрсетіп келеді», - деді ол.

Еске салайық, бүгін елімізде Қазақстан полициясы күні аталып өтуде.