Кабулдағы келіссөздер: Қазақстан мен Ауғанстанға қандай тауарлар жеткізіледі

Кабулдағы келіссөздер: Қазақстан мен Ауғанстанға қандай тауарлар жеткізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандық сауда-экономикалық миссияның Ауғанстанға барған делегациясын басқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстаннан барған бір топ делегацияның құрамында сауда және интеграция министрлігі қызметкерлері, экспортты ілгерілету жөніндегі операторлар, QazTrade компаниясы және бірқатар отандық экспорттаушы компанияның өкілдері бар.

Сапар барысында министр Ауғанстанның премьер-министрінің орынбасары Абдулла Салам Ханафимен, сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки, сондай-ақ аталған елдің сауда және өнеркәсіп министрі М.А. Нуриддин Азизимен келіссөздер өткізді.

Бақыт Сұлтанов өз кезегінде ауған әкімшілігінің өкілдеріне Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі күш-жігеріне толық қолдау көрсетіп, белсенді қатысып отырғанын жеткізді. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алды.

«Біздің еліміз, көптеген халықаралық әріптестер сияқты, ауғанаралық қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталды және елді жанжалдан кейінгі кезеңде қалпына келтіру уақыты келді деп үміттенеміз», - деді Б. Сұлтанов.

Сондай-ақ, қазақстандық делегация өкілдері екі жақты сауданы тауарлар тізбесін кеңейту есебінен де сақтауға және өсіруге мүдделі екенін айтты.

Айта кетсек, Ауғанстанға ұн мен астықты негізгі жеткізуші біздің ел. Яғни қазақстандық ұн экспортының жартысынан астамы және астық экспортының 10% -дан астамы тек ауған нарығына жөнелтіледі.

Министрлік ұсынған мәлеметте айтылғандай, екіжақты келіссөз барысында тауар айналымы номенклатурасын кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Мәселен, Ауғанстанның экспорттық әлеуетінде $360 млн сомасында 45 тауар түрі бар. Атап айтқанда тамақ, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау, ағаш өңдеу және тағы басқа.

«Аталған тауарларды сауда айналымына қосу екі ел үшін де тиімді болады және ол екіжақты сауда айналымының артуына ықпал ететіні айтылды. Сонымен қатар, қазақстандық делегация өкілдері Ауғанстаннан жемістер мен көкөністерді сатып алуға дайын екендіктерін жеткізді. Және отандық саудагерлер екі ел арасындағы сауда теңгерімін теңестіру қажеттігіне назар аударды. Қазақстан құратын трансшекаралық ынтымақтастық орталықтары, оның ішінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағындағы қазақстандық және Ауған бизнесінің өнеркәсіптік кооперациясы құралдардың бірі бола алады», - делінген хабарламада.

Одан бөлек, сапар барысында Бақыт Сұлтанов Қазақстан-Ауған бизнес-форумына қатысты. Аталған шарада министрмен бірге азық-түлік, жиһаз және тоқыма өнімдерін өндіруші 16 отандық өнеркәсіп өкілдері де болды.

В2В кездесулер мен бизнес-форумның қорытындысы бойынша Ауғанстанға ұн, макарон және басқа да өнімдерді жеткізу бойынша меморандумға қол қойылды.