«Біріншіден, мен киік атуға және оның санын қолдан реттеуге қарсымын. Себебі бүгінгі таңда киіктер полпуляциясының саны әлі қолдан реттейтіндей деңгейге жеткен жоқ. Қазақстанда киіктердің үш популяциясы бар – Орал,Үстірт және Бетпақдала. Бізден басқа Монғолия мен Ресейде кездеседі. Қазақстандағы киіктердің саны – 1 млн 318 мың. Бұл әлемдегі бүкіл киіктердің 99 пайызы деген сөз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киік популяциясын реттеудің біржақты жолын ғана ұсынып отыр. Яғни, Орал популяциясында 80 мың киікті ату ұсынылды. Кейінгі 10 жылдың ішінде киіктердің миграция жолдары, мекендейтін, төлдейтін аумақтары қысқарып кетті. Жердің көбі ауыл шаруашылығы мақсатына беріліп кетті. Бұрын киік емін-еркін жайылған аумақтарға еігістік пен жайылымдар түсті. Киіктер көшіп-қонатын миграция жолдары Қазақстанның 10 өңірі арқылы өтіп жатыр. Олар да қысқарды. Басты себебі, тас жолдар мен теміржол түсті. Бұл жолдар түскен кезде жауапты мемлекеттік орган жабайы жануарлардың еркін көшіп-қонуына қажетті арнайы «экодуктар» (жолдың астынан немесе үстінен төселетін табиғи соқпақ – ред.) салған жоқ. Өкінішке қарай, Қазақстанда бір де бір экодук жоқ. Мемлекеттік органдар тарапынан киіктердің миграциялық ортасы дұрыс реттелмегендіктен, бүгінгі проблемаға тап болып отырмыз. Ақырында киіктерді кінәлі қылып қойдық. Бұл өте орынсыз. ҚР Үкіметі киіктердің жайылым тапшылығы мен шаруалардың проблемасын шешу үшін «Қазақстан Ғарыш сапары» мекемесінің мүмкіндіктерін пайдаланып, космомониторинг арқылы кейінгі 10 жылда киік мекендейтін аумақтардан берілген телімдерге түгендеу жүргізу керек. Өйткені киік пен шаруалардың арасындағы проблема жердің оңды-солды берілуінен, жолдардың ғылыми негіздемесіз салынуынан туындап отыр. Мысалы, Кеңес Одағының заманында қазақ даласына 30-40 млн бас мал мен 3-4 млн бас киік ешбір қиындықсыз тіршілік етіп келді. Ал қазір киіктердің саны 1 млн 318 мың ғана. Яғни, киік санын қолдан реттеуге әлі ерте. Сол кеңес кезіндегі балансты қалпына келтіру үшін жабайы аңдардың жасанды соқпақтарын түзіп, тарихи жайылымдарын қайтару қажет. Құрғақшылық циклінің кесірінен мал мен жабайы аңдардың суаттары кеуіп кеткен. Киік мекен ететін жолдарды зерттеп, ұңғыма қазу арқылы суаттар ашылуы керек. Фермерлер киіктің малдың суына ортақтасып жатқанын айтып жүр. Қазақстандағы қасқырлардың популяциясы кейінгі 20-30 жылда күрт қысқарып кетті. Соның салдарынан Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында киіктердің саны мен аурушаңдығы табиғи жолмен реттелмей қалды. Өкінішке қарай, қасқыр ату жаппай белең алып тұр. Сексеніші жылдардың аяғында Қазақстанда 60 мыңнан астам қасқыр болса, қазір 14 мыңға жуық қасқыр қалған. Зоология институты тарапынан ұсынылған биологиялық негіздемеге қарасақ, Бетпақдала популяциясынан 2,5 пайыз, Орал популяциясынан 10 пайыз киік реттеуге жатады. Сонда орта есеппен биыл күзде 90 мыңнан астам киік реттеуге түседі деген сөз. Киік санын қолдан реттеу үшін олардың саны республика бойынша кемінде 2-3 млн басқа жетуі керек. Сол кезде ғана реттеуге болады. Оның өзінде мемлекеттік монополия болуы керек. Ату жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылуы керек. Сонда халық браконьерлікпен айналыспай, науқандық, маусымдық жұмыстар кезінде нәпақасын табар еді. Киіктердің айналымынан түскен ақшаны олардың арасындағы аурулармен күреске жұмсау керек. Қазір ол ауруларды зерттеуге мемлекеттен ешқандай қаражат бөлініп жатқан жоқ. Киік санын реттеуге жарияланған мораторийді 2025 жылға дейін созуды ұсынамын. Бұл аралықта Экология министрлігі нормативтік-құқықтық актілерді ретке келтіруі керек. Сондай-ақ, CITES халықаралық конвенциясының 2025 жылы өтетін отырысында ғылыми негіз жабайы жануарлардың дериваттарын тасымалдау және сату квотасын бекітіп алуымыз керек. Қазір бізде нөлдік квота белгіленген. Сонда ғана реттеуге жатқызылған киіктің мүйізі мен басқа да дериваттарын сыртқа сатып, заңды жолмен табыс алуға болады. Ол табыстың бір бөлігін киік популяциясынан шығынға ұшыраған шаруаларға субсидия ретінде беруге болады. Дамыған елдердің бәрінде шаруашылық пен өндіріс табиғатпен компромиске келген. Аустралияның көшелерінде кенгурулер, Азияның мемлекеттерінде маймылдар адамдармен аралас жүреді. Тіпті марал, бұғының өзі көшелерде емін-еркін жүретін елдер бар. Яғни, мемлекет табиғатпен компромиске келген. Бізде де барлық шығын нормаларын есептеп, реттейтіндей мүмкіндік бар». Сәкен Ділдахмет