Comirnaty/Pfizer вакцинасы аутизм мен белсіздік тудыруы мүмкін бе

Comirnaty/Pfizer вакцинасы аутизм мен белсіздік тудыруы мүмкін бе

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева «Журналистика медициналық мектебі» жобасының онлайн-лекториясында Pfizer/Biontech компаниясының Comirnaty препаратымен балаларды вакциналау туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әсіресе ең өзектісі – вакцина қандай да бір ауруларды, атап айтқанда, қатерлі ісік, қант диабеті немесе аутизм сияқты генетикалық ауытқуды тудырмай ма деген сұрақ болды.
«Comirnaty/Pfizer вакцинасы қатерлі ісікке де, диабетке де, аутизмге де әкелмейді. Сондай-ақ, бұл басқа созылмалы аурулардың өршуіне ықпал етпейді және вакциналау қант диабеті, қатерлі ісік сияқты созылмалы аурулары бар адамдарға қажет, өйткені мұндай адамдарда COVID-19 өте ауыр өтеді», - деді дәрігер.
Сарапшының айтуынша, Comirnaty/Pfizer вакцинасының бір дозасының құрамында капсулаланған нанобөлшектер қабығында 30 микрограмм РНҚ немесе рибонуклеин қышқылы бар.
«Бұл РНҚ ақпарат адамның ДНҚ-сына ене алмайды, ол нақты антиденелердің түзілуін ынталандырады және орта есеппен 72 сағаттан кейін денеден жоғалады», - дейді сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасын 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау үшін ұсынған. Бұл препарат клиникалық сынақтардың барлық сатыларынан өтіп, қауіпсіздіктің жоғары деңгейін растайды және осы әлеуметтік топтарда қолдану үшін мақұлданған.