2026 жылғы 11 маусымда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ, Батыс және Орталық Азия басқармасының бастығы Гюрсель Исмаилзаде мырзамен кездесті.
Кездесу барысында Қор жүзеге асырып жатқан халықаралық жобалар, түркі халықтарының бай мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы қызметі, сондай-ақ ұйымның алдағы кезеңге арналған басым қызмет бағыттары жөнінде пікір алмасу өтті.
Профессор Ақтоты Райымқұлова Қорға мүше және бақылаушы мемлекеттерде, сондай-ақ өзге елдерде түркі халықтарының көне тарихи-мәдени мұрасын сақтауға бағытталған бастамалар, халықаралық ұйымдармен жолға қойылған ынтымақтастық байланыстар және жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.
Гюрсель Исмаилзаде мырза Қордың қызметіне жоғары баға беріп, ұйымның түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ Түркі әлемін халықаралық деңгейде кеңінен танытуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.